ҚОШ КЕЛДІҢ, ӘЗ НАУРЫЗ!
Жақсылықтың нышаны есетін 22 наурыз- Ұлыстың ұлы күні еліміздің түкпір-түкпірінде тойлануды бастап та қойды. Елді бірлікке, тірлікке шақыратын осы ұлық мейрам-барша халқымыздың асыға күтетін мейрамы. Осыған орай, «Ұлы күні Ұлыстың, басы болсын ырыстың!» тақырыбындағы мерекелік шара Х.Әлімжан атындағы №85 жалпы орта білім беретін мектебінде ұлттық болмысымызды сан қырынан танытарлықтай жайда аталып өтілді. Ұлтымыздың рухани мұрасының жәдігеріндей күмбір күйлер төгіліп, бесікке салу рәсімі жасалды. Мектеп директоры З.Х.Сапаркулова Талшындай бүлдіршіннің тұсауын кесіп, ақ батасын берді.
Ұлттық спорттық сайыстардан арқан тартыс, қазақша күрес, сондай-ақ, тоғызқұмақтан жарыстар ұйымдастырылды. «Күш атасын танымас» демекші нағыз балуанды танытқан қошқарды иыққа көтеру сайысында 11 «А» сыныбының оқушысы Бектибай Айбар ел сүйіспеншілігіне бөленді. Алтыбақан құрылып, ұлттың қолданбалы өнері мен ұлттық тағамдарының көрмесіне жиылған халық дән риза болысты. 5-11-сыныптар арасында қазақтың ұлттық тағамдарын дайындаған үздіктер ерекше аталып өтіліп, 1-орын 10 «А» сыныбына, 2-орын 5 «Ә» сыныбына, 3-орын 6 «Ә» сыныбына бұйырды. Келген көпшілікке мектепте ас ұсынылып, Құран бағышталды, қариялардың ақ батасы беріліп, аналардың тойбастар жыры төгілді. Өнерпаз оқушылар ән мен биден шашу шашты.
Ұлыстың ұлы күніне арналған шара мектеп ауласына ағаш көшеттерін отырғызып, баба салтымен түбіне ақ құю үрдісімен жалғасын тапты.
Ұлыс оң болсын!
Ақ мол болсын!


